Қызылорда облысында құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен жиынға құқық қорғау органдарының бірінші басшылары қатысып, полиция департаментінің басшысы Серік Ергешов атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.
Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстанды қалыптастыру бағытындағы негізгі қағидаттарының бірі – «Заң мен тәртіп». Бұл ұстаным қоғамдық тұрақтылықты нығайтып, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Жиында қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмыспен күрес бағытындағы жұмыстардың нәтижелері сараланды. Соңғы төрт жылда полиция органдарының материалдық-техникалық базасын жаңартуға, цифрландыруға және ағымдағы қажеттіліктеріне жергілікті бюджеттен елеулі қаражат бөлінген.
Облыс әкімі құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша профилактикалық шараларды күшейтіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тетіктерін одан әрі жетілдіруді тапсырды.
Оның айтуынша, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бейнебақылау жүйелерінің тиімділігін арттырумен қатар, заманауи цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажет. Полиция халықпен кері байланысты күшейтіп, азаматтардың өтініштері мен мәселелеріне жедел жауап беруі тиіс.
Құқық бұзушылықтар мен қылмыстар туралы ақпаратты уақытылы жариялау, тұрғындардың сауалдарына жедел жауап беру де полиция жұмысының маңызды бағыты ретінде атап өтілді.
Облыс аумағында қоғамдық қауіпсіздікті арттыру мақсатында заманауи инфрақұрылым кезең-кезеңімен енгізілуде. Қазіргі таңда аудандарда 616 бейнекамера мен 54 жылдамдық өлшегіш құрылғы орнатылып, жедел басқару орталықтары жұмыс істеп тұр.
Сонымен қатар, 2025–2026 жылдары 1400 бейнекамера, 20 зияткерлік қиылыс және 58 стационарлық жылдамдық өлшегіш іске қосылды. Жол қозғалысын бақылау үшін 25 «Сұңқар» арнайы кешені де пайдалануға берілді.
«Заңға бағыну мен тәртіп сақтау – елдің тұрақты дамуының негізгі шарттарының бірі. Қылмыс пен тәртіпсіздікке жол бермейтін қауіпсіз қоғам қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыс жалғаса береді», – деді облыс әкімі.
Мұрат Ергешбаев жастар мен тұрғындардың заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіптің маңызын түсінуі қажеттігін атап өтіп, Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзін елге ортақ бағдар ретінде келтірді.
