Қызылорда облысында «Абзал и К» серіктестігінің толық автоматтандырылған күріш өңдеу зауыты пайдалануға берілді. Жоба өңірдегі өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған ірі инвестициялық бастамалардың бірі саналады.
Заманауи кәсіпорынға 1 млрд теңге инвестиция тартылған. Соның нәтижесінде өндірістік қуат 2,5 есеге ұлғайып, өндіріс қалдықтары 3-4 пайызға дейін төмендеді. Зауыттың сағатына 12 тонна күріш өңдеуге мүмкіндігі бар.
Компания Сырдария ауданында шамамен 3 мың гектар жерге күріш егіп, жиналған өнімді өз кәсіпорнында өңдейді. Мұнда ақталған күріш пен дайын өнімдер өндіріліп, ішкі және сыртқы нарыққа шығарылады.
Кәсіпорындағы барлық өндірістік үдеріс цифрландырылып, технологиялық кезеңдер автоматтандырылған жүйе арқылы басқарылады. Өнімнің сапасы онлайн режимде бақыланады. Сонымен қатар зауыт аумағында күн электр станциясы іске қосылып, өндірісте экологиялық тиімді «жасыл» технологиялар қолданылуда.
Бүгінде кәсіпорын өнімінің 50 пайызы ішкі нарыққа жөнелтіледі. Қалған бөлігі ТМД елдеріне, сондай-ақ Моңғолия мен Иракқа экспортталады. Бұл күрішті терең өңдеу көлемін арттырып, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін және өңірдің экспорттық әлеуетін күшейтуге жол ашады.
Жалпы биыл Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы дақылдары 193,7 мың гектар алқапқа орналастырылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, күріш алқабы өткен жылмен салыстырғанда 10,9 мың гектарға қысқарып, 70,1 мың гектарды құрады.
Қазіргі таңда күріш алқаптарының 2,9 мың гектары гүлдену, 14,3 мың гектары сүтті пісу, 52,8 мың гектары балауыз пісу кезеңінде. Ал 65,2 мың гектар, яғни егіс алқабының 93 пайызы сумен қамтамасыз етілген.
Аймақта күріш жинау науқаны да қарқын алып келеді. Қызылорда облысы Қазақстандағы күріш өндірісінің негізгі орталығы болып саналады. Елімізде өндірілетін күріштің шамамен 90 пайызы осы өңірдің үлесіне тиеді. Оның 35-40 пайызы шетел нарығына экспортталады.


