Қызылорда облысында Мұнайшылар күніне орай «Құмкөл» кен орнының өнеркәсіптік игеріле бастағанына 40 жыл толуына арналған «Құмкөл: Қара алтын шежіресі» атты салтанатты шара өтті. Жиынға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қатысты.
Аймақ басшысы мұнай-газ саласының ел экономикасындағы стратегиялық маңызын атап өтіп, сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады.
«Мұнай-газ саласы – экономикамыздың тірегі, еліміздің қарқынды дамуының кепілі. Мемлекет энергетика саласының әлеуетін арттыруға, жаңа кен орындарын игеруге және сала қызметкерлерінің мүддесін қорғауға үнемі басымдық береді», – деді облыс әкімі.
Оның айтуынша, Қызылорда өңіріндегі мұнай компаниялары мен осы салада еңбек ететін мамандардың елдің экономикалық әлеуетін арттыруға қосып отырған үлесі зор.
«Құмкөл» кен орнын игеру туралы шешім осыдан 40 жыл бұрын қабылданып, кейіннен ол өңірдегі мұнай өндірісінің негізгі тіректерінің біріне айналды. Осы кезең ішінде Қызылорда облысы мұнайлы аймақ ретінде қалыптасып, өндіріс саласында маңызды даму жолынан өтті.
Салтанатты жиында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов, «CNPC Central Asia» және «CNPC Kazakhstan» компанияларының бас директоры Ян Миньюй, сондай-ақ «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ президенті Чэнь Даю құттықтау сөз сөйледі.
Шара барысында мұнай-газ саласының дамуына елеулі үлес қосып, өндірісте жоғары нәтижеге қол жеткізген мамандар мемлекеттік және салалық марапаттармен наградталды. Оларға ведомстволық наградалармен қатар, «Құмкөл» кен орнының 40 жылдығына арналған мерейтойлық медальдар табысталды.
Өңірде мұнай компанияларының қолдауымен әлеуметтік нысандар салынып, инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып келеді. Мәселен, «ҚазГермұнай» компаниясының демеушілігімен «Оқушылар сарайы», ал «Саутс Ойл» компаниясының қолдауымен жатақханасы бар музыкалық колледж ғимараты бой көтерді. «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ болса жыл сайын қайырымдылық жобаларына 150 млн теңгеден астам қаржы бағыттайды.
Сонымен қатар өңірде жаңа кен орындарын анықтау мақсатында шөгінді бассейндерді зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Арал шөгінді бассейніндегі геологиялық зерттеулер 2024 жылдың желтоқсанында аяқталып, шамамен 1,1 млрд тонна көмірсутек қоры анықталды. Ал Сырдария шөгінді бассейнін зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Бұдан бөлек, «СаутсОйл» компаниясы тақтатас мұнайын дәстүрлі емес әдіспен өндіруге бағытталған дайындық жұмыстарын бастады.




