Қызылорда облысында «Дала күні – 2026» іс-шарасы аясында Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының егіс алқабында күріш орағына алғашқы орақ түсті.
Іс-шараға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы, су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Салимов, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының басқарма төрағасы Бауыржан Асанов, министрлік өкілдері, жетекші ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, қала және аудан әкімдері, салалық басқармалар мен департаменттердің өкілдері, су шаруашылығы мекемелері, шаруа қожалықтарының басшылары және қаржы институттарының өкілдері қатысты.
Аймақ басшысы дала еңбеккерлерін маңызды науқанның басталуымен құттықтап, биылғы егін орағына дайындық барысында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
«Сыр елі – ежелден егіншілік дәстүрі қалыптасқан, берекелі өлке. Ақ күрішімен танылған аймақ бүгінде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жаһандық азық-түлік нарығындағы бәсекеге қабілеттілікті арттыруда ғылымды дамытуға, оның ішінде тұқым шаруашылығын жетілдіруге ерекше мән берген болатын.
Бүгінгі негізгі міндет – дәстүрлі егіншілік саласын заманауи технологиялармен, ғылым және инновациямен ұштастырып, су ресурстарын тиімді пайдалану арқылы жоғары өнімге қол жеткізу. Бұл ретте мемлекеттік қолдауды ғылыми мүмкіндіктермен және шаруалардың тәжірибесімен үйлестіру аса маңызды. Барша диқан қауымын күріш орағының басталуымен құттықтаймын. Еңбектеріңіз жемісті болып, ақ күріштен мол өнім жиналсын. Сыр өңірінің берекесі арта берсін!» – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Шара барысында жаз бойы аптап ыстықта еңбек етіп, ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлес қосқан бірқатар еңбек адамдары марапатталды.
Сонымен қатар қатысушыларға ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесі ұсынылып, заманауи техникалардың мүмкіндіктері таныстырылды.
Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты – күріш селекциясы мен тұқым шаруашылығы бағытында жұмыс істейтін еліміздегі бірегей ғылыми ұйымдардың бірі. Биыл институттың материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға республикалық бюджеттен 4,2 млрд теңге бөлінді. Осы қаражат есебінен заманауи селекциялық құрал-жабдықтар мен тұқым зауыттары сатып алынды.
Бұл жұмыстар отандық күріш сорттарының сапасын арттырып, тұқым шаруашылығын дамытуға және олардың егіс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Жүйелі түрде қолға алынған шаралардың нәтижесінде биыл күріштің вегетациялық кезеңі тұрақты өтіп, егістік алқаптары жоспарға сәйкес сумен қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, су үнемдеу технологияларын енгізуді қолдауға 2026–2028 жылдарға 34 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған.
Мемлекет басшысының су ресурстарын тиімді пайдалану және суды көп қажет ететін дақылдардың көлемін оңтайландыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, биыл облыста күріш алқабы қысқартылып, 70 мың гектар жерге егілді.
Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу және ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру бағытында бірқатар ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.



